Садақ ату ел шығысында сәнге айналып келеді

Бұрын Өскеменнің шетіндегі Глубокое кентінде бір үйірме ғана болса, енді облыс орталығынан садақ ату федерциясы жұмысын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұрпақ бойында 6 жастан бастап ұлттық рухты сіңіретін орталық енді болашақ мергендерді дайындайды. Сонымен қатар «үйренемін» деген кез келген жастағы адамға садақ атудың қыр-сырын түсіндіреді.

Садақ атам деп келген адамға садақ пен жебе бірден берілмейді. Алдымен қауіпсіздік талаптары айтылып, жаттығу жасалады. Содан соң нысана көздеу орнына баруға рұқсат.

Гүлназ Жақыпова алпысты жағалап қалса да, осы орталықты арнайы іздеп келді. Бір қарағанда жеп-жеңіл көрінетін садақтың қолға қаншама салмақ түсіретініне таң қалды.

Гүлназ Жақыпова, қала тұрғыны:

- Садақтың өзін ұстаған қызық екен, өмірі ұстап көрмегендіктен, өте ауыр нәрсе екен бұл, 10-15 келі бастапқыда деп тұр, бұдан да ауыры бар дегенге қызыға түстім.

Садақты тартқанда 20-25 келі, тіпті 30 келі салмақтағы жүкті көтергендей ауырлық түседі. Сондықтан да қол қуатты болуы қажет. Бұдан бөлек, ой жинақталып, дене тіктеліп, мақсат айқындалады. Ал ең бастысы, әр адамның ішкі рухы оянады, - дейді қатысушылар.

Рахметолла Сыздықұлы, зейнеткер:

- Рухын көтереді, рухын ғана көтереді деп айтар ем, біріншіден, өйткені миымыздың қабілетінен біздің денеміздің қабілеті миллион есе көп екен.

Облыстық садақ ату федерациясын ашу оңайға тиген жоқ, - дейді Ажар Төлеуқанова. Талай жүгіріпті. Дегенмен дәл орталықтан орын табылып, енді іс жандана бастаған. Бұрын Глубокое ауданына сабылып жүргендер үшін бұл үлкен қуаныш болды. Дегенмен мерген қыз енді бұл спорт түрі бөлім ретінде ашылса деген ниетін жеткізді.

Ажар Төлеуқанова, «Oskemen Sadaq Atu» федерациясының президенті:

- Бөлім ашу керек бізде, біріншіден, әлі күнге дейін дәстүрлі садақ ату бөлімі ашылмады, сол бөлім ашылса, бұдан да жақсы дамиды деп ойлаймын. Жеке 4  тренер бөлініп, сағат берледі, бөлек бөлім ашылса, сол кезде  қолым ұзара бастайды деуге болады.

Қанымызда бар өнерді дәріптеуге бизнес өкілдері де ден қоя бастапты. Себебі боулинг пен бильярдқа қарағанда осы тарихи дәстүрге бет бұрып жатқандар көп.

Бибати Тұрымтайқызы, садақ ату орталығының жетекшісі:

- Көп адамдар жұмысан қайтқан кезде айналысатын қызықты ермек іздейді, сондықтан жұмыстан шаршап келген адамдар осында тәтті шай ішіп, садақты нысанаға ұстаған кезде бар ойынан арылып, кішкене шаршағаны басылады.

Осындай қарқыннан қайтпаса, кәсіби садақшылардың көздегені көп. Келер жазда елімізде балалар арасындағы чемпионатты осы Өскеменде өткізу жоспарланған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин.