Алматы облысындағы «Көкөзек» қосалқы станциясы іске қосылды

Алматы облысының Қарасай ауданындағы маңызды энергетикалық нысан – «Көкөзек» қосалқы станциясы пайдалануға берілді.

«Алатау жарық компаниясы» іске асырған жоба аудандағы индустриалды аймақ, әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үйлерді энергиямен қамтамасыз етеді.

 «Көкөзек» қосалқы станциясының облыс экономикасын дамытудағы маңызы ерекше. Бұл нысан Қарасай ауданындағы 346 шағын және орта бизнес субьектілерін, 1300-ден аса жеке тұрғын үйді тұрақты энергиямен қамтамасыз етеді. Одан бөлек Көкөзек пен Елтай ауылдарына салынатын 1500 орындық екі мектепті де осы қосалқы станция арқылы қуат көзімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 

Қайрат Мақсұтов, "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы:

- Қосалқы станция әрқашан да дамудың драйвері болып саналады. Егер 5 жылдан кейін осы ауданға келетін болсаңыз қосалқы станция жанында жаңа нысандар мен өндіріс орындарының жұмыс істеп тұрғанын көресіз. Бұл облыс үшін маңызды қадамдардың бірі саналады.

«Көкөзек» қосалқы станцяисына көршілес Іле мен Жамбыл аудандарының шаруашылықтары да қосылады. Жалпы Алматы облысында әлі күнге қуат көзі тапшы. Сондықтан «Алатау жарық компаниясы» алдағы екі жылда Алматы қаласы мен облысындағы электр станцияларын модернизациялауды көздеп отыр. Жоба құны - 35 млрд теңге.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

- Мынау подстанцияға да қосылатын екі үлкен зауытты айттым. Жалпы сұраныс көп бүгінгі күнге. Бізде осы жерден алыс емес жерде Қазыбек бек индустриалдық аймақ құрғанбыз. Бірақ оның жер көлемі үлкен, бірақ бүгінгі күнге электр қуаты жетіспейді. Оны егер қамтамасыз етсек, ол жақта 200-300 мегаватқа келетін инвесторлар бар.

«Көкөзек» қосалқы станциясы стратегиялық және экологиялық қауіпсіздіктің барлық заманауи талаптарына жауап береді. Оған 2,73 млрд теңге жұмсалыпты. Компания мәліметінше, пайдаланылған материалдар мен құрылғылардың 70 пайызы отандық өнім.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов