Теміртауда мүгедек жан қайырымдылықпен айналысады

Теміртау қаласының тұрғыны мүгедек бола тұра қайырымдылықпен айналысып жүр.

Көлік апаты салдарынан бір аяғынан айырылған нәзік жанды өмірдің қаталдығын өзінің еңбегімен жеңген. Бүгінде ұлы мен қыз тәрбиелеп отырған ана қолы қалт етсе қиын жағдайға ұшыраған жерлестеріне көмектеседі.

Жанна Бакенова жалғыз тұратын зейнеткердің үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Екі қолмен еңбек ететін оған бір аяқтың кемдігі кедергі емес. Құрылыс жұмыстарын әбден игерген ол 2 бөлмелі пәтердіңң ішіндегі жұмыстарды әрі кетсе бір аптада аяқтамақ. Қабырғаны сылау мен тегістеу одан қала берді бояу тіпті қажет десеңіз кафель төсеу Жаннаның үйреншікті ісі.

Жанна Бакенова, Теміртау қаласының тұрғыны:

- Ең алғаш мен бір қарт әженің үйін тегін жөндеп бердім. Бас-аяғы бір аптаның ішінде оның үйінің шұрық-тесіктерін жамап, бояумен бояп бердім. Оның үйінің бастапқы кезі мен жөнделген кезін көргенде өзім қатты қуандым. Кеудемді ерекше бақыт кернеді. Содн бері мен тек бақытты жүзбен алға ұмтылуды, көмек қажет жандарға қол ұшын созуды өзіме міндет қылып қойдым. 

Теміртаулық шебердің тағдыры да сан қилы. Балалар үйінде тәрбиеленген. Одан шыққан соң  орта кәсіптік техникалық училшищеде оқып, сылақшы мамандығын меңгереді. Енді аяққа тұрамын деп жүргенде 2010 жылы жол-көлік оқиғасына түсіп, бір аяқты ампутациялауға тура келді. Бұл жағдайда жігерін жасытқан жоқ. Тоқыма тоқып қаржы тапты, кейін массаж бен косметология курстарын оқыды.

Қайсар жанның бойындағы өнері дертіне дауа. Би үйірмесіне қатысады. Әр дайындықтан кейін  серпіліп, сергек жүретінін айтады. Жеткен жетістіктері мен марапаттары аз емес. Республикалық байқауларға дайындалып жүр.

Гүлмира Сейілханова, би үйірмесінің жетекшісі:

- 2 жылдан бері дайындыққа келеді, бір дайындыққа кешіккен емес. Ауырып жатсада келеді дайындыққа Гүлмира Серіковна мен келемін дейді. Өте мықты қыз, мықты ана, мен қуаныштымын Жаннадай қызбен жұмыс жасағаныма. Бұдан кейінде жұмыс жасаймыз Алла қаласа. Біз үлкен республикалық конкурстарға қатысып жатырмыз, облыстықтан да орындар алып жатырмыз. Болашақта үлкен үміт күтемін.

Жаннаның жасаған қайырымдылығы қайтарымсыз кеткен жоқ. Оған Алматы мен Астана қаласынан келген демеушілер Теміртау қаласынан баспана сатып әперіп, ыңғайлы протез құнын төлеп берген.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар