Қарағандыда «Отбасына көмек көрсету орталығы» ашылды

Қарағандыда «Отбасына көмек көрсету орталығы» ашылды

Мұнда кәсіби мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға жан-жақты көмек көрсетеді.

Елімізде баламасы жоқ мекеме екі блоктан тұрады. Ерекшелігі, құқықтық блокта тек қана әйелдер жұмыс істейді. Тергеушілер, көші-қон полициясының инспекторлары, есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі жедел уәкіл, пробация қызметінің өкілі бар. Ал әлеуметтік блокта қорғаншылық және қамқоршылық мамандары болады. Тіпті қаржылық кеңесші де тағайындалған. Ол отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлау мен интернет алаяқтарының құрығына түспеуді үйретеді.

Гүлбану Сәтбаева-Алпысбаева, орталық жетекшісі:

- Бұл жерде біздің ерекшелігіміз, келген азаматтарға бір жерде комплексті түрде жан-жақты көмек көрсету. Психологиялық, әлеуметтік, құқықтық, заңгерлік көмектер көрсету. Балалар психологы бар. Медиатор, жеке сот орындаушылары бар. Егер де алиментке қатысты мәселелер болса, сол сұрақтардың барлығы осы жерде шешіледі.