Ұлытау облысында нанның бағасы көтерілді

Ұлытау облысында осыған дейін 140 теңгеге сатылып келген бір бөлке нанның бағасы 180-190 теңгеге көтерілді.

Наубайханалар мен сауда орындары мұны бидайдың қымбаттауымен байланыстырып отыр. Облыс әкімдігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және тұрақтандыру қоры арасындағы үшжақты меморандумға сәйкес, алдағы аптада өңірге әлеуметтік ұн жеткізіле бастайды.

Ұлытау бидай мен ұнды өзге облыстардан жеткізетіндіктен нанның бағасы да жиі өзгеріп тұрады. 5-10 теңге айырмашылық бұрын қатты сезілмейтін. Ал бұл жолы 30-40 теңгеге өсТІ.

Данияр Арынғазин, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:

- Бұл жерде қымбаттау себебі, кішігірім наубайханалар бар, олар енді коммерциялық ұнды шығарады. Оның бағасы қазіргі таңда 170-180 теңгені құрап отыр орташа бағасы.

Елдос Кәкенов, тілші:

- Әзірге әлеуметтік нан бағасы қымбаттаған жоқ. Дегенмен, оны өндіру көлемі азайған. Бұрын тәулігіне 8 мың бөлке нан пісірілетін. Қазір 60 процентке қысқарды. Себебі, тұрақтандыру қорында ұн таусылуға жақын. 

Бағаның өсуіне тағы бір себеп – әлеуметтік нан өндірісінің азайып кетуі. Сондықтан облыс әкімдігі, ауылшаруашылығы министрлігі және тұрақтандыру қоры арасында үшжақты меморандум жасалған. Оның  аясында алдағы апта облысқа әлеуметтік ұн жеткізіле бастайды. 

Әділхан Қайырбеков, Жезқазған қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Қарағанды қаласындағы «Атамекен» ұн өңдейтін комбинатынан килограмы 120 теңгеден жыл соңына дейін 620 тонна ұн берілетін болады. Осы жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін ұнның және нанның бағасы тұрақты түрде сатылады деген жоспар бар. Коммерциялық нан бойынша олардың бағасы түседі. Қазір 170 теңгеден сатылып жатыр ғой, олар да 150 теңгеге түседі деген жоспар бар.

Жезқазғанда 1 нан зауыты мен 5-6 шағын наубайхана бар. Облыс тұрғындарының нанға деген сұранысының 70-80 пайызын осы кәсіпорындар өтеп отыр. «Егер оларға әлеуметтік ұн берілсе бағаны бірқалыпты ұстауға толық мүмкіндік бар» - дейді жауаптылар.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева