Елдегі теміржол паркінің 60%-ы ескірген

Ал билетті субсидиялауға жыл сайын миллиардтар бөлінеді.

Осылай деген депутат Мақсат Толықбаев Көлік министріне, салада қашан тәртіп орнайды? –деген сауалын қойды. "Пойыздардың сағаттап кешігуі үйреншікті жағдайға айналған. Көрсетілетін қызметтің сапасына тұрғындардың наразылығы азаймай отыр" деді.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте депутаттардың өңірлерге сапары барысында азаматтардан түскен өтініштер қаралып, мемлекеттік органдардың басшыларынан атқарылған жұмыстар жайында есеп алынды.

Мақсат Толықбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Темір жолда қашан тәртіп орнайды? 30 жылдың ішінде темір жолды табыс көзіне ғана айналдырған бұрынғы басшылардың қаржы табумен ғана айналысқанын біз жақсы білеміз. Совет заманынан қалған вагондар сүйретіліп әлі жүр.Терезесі ашылмайтын, кондиционерлері істемейтін, қабырғасында тарақандар жүретін ескі вагондардың өзіне жаз мезгілінде билет таппайсың. Сөйте тұра туризмді түлетеміз дейміз. Ескі Қазақстанның мұрасы боп қалған теміржол мәселесін қашан шешесіздер? Заманауи вагондарға кезексіз, тиімді бағада мінетін күн туама бұл қазаққа?  

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Биыл 50 жаңа вагон алдық. Келесі жылы тағы да 100 вагон болады, қосымша 157 вагонды пысықтап жатырмыз. Сонда тек қана биыл және алдағы жылда 304 жаңа вагон. Одан басқа тағы да қол қойылған 2025 –тен бастап мына Еуропадағы ең заманауи Штадлер компнаиясы вагондары 537. Нәтижесінде қазір орташа жасы 18 болса, тек қана қолымызда бар келісімшартқа сәйкес 13 жасқа дейін төмендейтін болады.