СҚО-да сұйытылған газ тапшы

Жанар-жағармай құю бекеттерінің көбінде көгілдір отын тек талонмен босатылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Оның себебі неде?

Қалтаға қолайлы деп көлігін газға ауыстырғандар көгілдір отын таппай қиналып жүр. Газ санаулы станцияда ғана бар.

Юрий Игнатов, көлік жүргізуші:

- Ауылдан келдім. Ол жақта 2 аптадан бері газ жоқ. Қазір көлігіме бензин құйып жүрмін.

Жанар-жағармай бекеттерінің көбінде «Газ жоқ» деген жазуды көресіз. Ірі компаниялар ғана оны талонмен саудалайды. Бір литрі – 81 теңге.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында 138 газ құю бекеті бар. Оның 36-сы Петропавл қаласында орналасқан. Ал басым көпшілігінде бүгінгі күні көгілдір отын тек талонмен босатылып жатыр.

Руслан Исмагилов, жанар-жағармай құю станциясының операторы:

- Біз тек қоғамдық көліктерге құямыз. Оның өзінде 2 сағат бұрын таусылып қалды. Енді аптаның соңына дейін болмайды деп жатыр. Жалпы бұл мәселенің туындағанына бір айдан асты.

Жауапты мамандардың айтуынша мұндай мәселе орақ науқаны басталған кезеңде жылда қайталанады. Яғни, қазір ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері астық кептіру үшін газды жаппай сатып алып жатыр.

Владислав Лукин, энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының м.а.:

- Біздің өңірге бір айға орта есеппен 5 мың тоннадан астам көгілдір отын қажет. Бірақ қазір орақ науқаны жүріп жатыр. Одан қалды жылыту маусымы басталды. Сәйкесінше газға деген сұраныстың артқанын байқап отырмыз. Сондықтан осындай мәселе туындады. Қазір бізге қосымша көгілдір отын бөлу үшін министрілікке арнайы өтініш бердік.

Жауапты мамандардың айтуынша жақын күндері аймаққа газдың кезекті партиясы жеткізіледі. Көгілдір отын негізінен Павлодар және Ақтөбе облысынан тасымалданады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов.