Атырау облысы жылыту маусымына дайындықты пысықтады

Атырау облысы жылыту маусымына дайындықты тиянақтады.

Осы мақсатқа биыл бюджеттен 5,7 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа тозығы жеткен  Атырау жылу электр орталығы мен, жылу желілері мекемесіндегі құбырлар мен қондырғылар жаңартылды. Нәтижесінде 55 жылу беру бекеті, қалыпқа келтіріліп, 16 шақырымдық құбырға күрделі жөндеу жүргізілді.

Атыраудың орталық аумағын қамтитын нөмірі 6-шы жылу бекеті биыл толықтай жаңартылды. Мұнда қазір 2 жөндеуші мен 1 оператор ғана кезекшілікте. Бекет жылу беру маусымына толықтай дайын,- дейді мамандар.

Светлана Шимановская, жылу беру станциясының операторы:

- 9 қазаннан жылу беруді бастадық. Оның ішінде кардиологиялық орталық, балаларға арналған өкпе аурулар санаториясы және жедел жәрдем стансасы бар. Тұрғын үйлер ПИК-тердің тапсырысы бойынша алады. 

Облыс орталығында  55 жылу беру бекеті бар. Бірақ әзірге тек әлеуметтік нысандар ғана жылу алуға тапсырыс беріпті.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Атырау қаласы бойынша 1034 көп қабатты үй бар. Олардың 300-і жылу жүйесіне қосылған. Жалпы, ПИК жылуға өтініш беруге асығар емес. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, Атырауда ауа райы биыл жәйлі.  Сондықтан да жылу беру жүйесі кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады.

Қайрат Хабиев, қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы басшысының орынбасары:

- Жылу қазандығында манағы айтқап ПИК, МИБ, жеке кәсіпкерлер, ЖШС соларда 81 қазан бар. Оларды да қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындардың келісіміне байланысты жылу беріліп жатыр күннің салқындығына байланысты. 

 Облыс орталығын жылумен, ыстық сумен қаматамыз ететін бір ғана мекеме Атырау жылу қуат орталығы. Кәсіпорындағы 14 жылу агрегатының басым бөлігі 1960-70 жылдардан тынымсыз жұмыс істеп келеді. Биыл 3 жылу агрегатына жөндеу жүргізіліп, 16 шақырым жылу құбыры ауыстырылуы тиіс болатын. 

Жұмабек Есмағамбетов, "Атырау жылу жүйелері" АҚ бірінші вице-президенті:

- Оның ішінде 3,5 км, үлкен қысымды жылу құбыры, 12,5 км ол аула ішілік желілер. Қазіргі күнде ол жұмыстардың барлығы атқарылып болды. Сонымен қатар 16 шақырым жылу жүйесін оқшаулауымыз керек еді. Ол жұмыстардың қазір 90 проценті аяқталды. Жұмыс жалғасып жатыр. 

Сондай-ақ қосымша қуат көздерін көбейту мақастында кешенді жоба жасақталып, қуаттылығы 65 МВТ-тық турбоагрегатты іске қосу жоспарланып отыр. Облыс орталығын қысқа дайындау мақсатында жергілікті бюджеттен 5,7 млрд теңге қаражат қаралған еді. Сондықтан әзірге Жылу жүйесін жаңарту жобасы жалғасатын болады. 

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов