Жалға берілетін баспананы сатып алу тетігі

Елімізде жалға берілетін тұрғын үйді нарықтық құнынан төмен бағамен сатып алуға рұқсат берілуі мүмкін.

Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты. Оның айтуынша әзірге оны жүзеге асыру тетігі қарастырылып жатыр. Министрлік заңнамалық түзетулер енгізіп, Мәжіліске тапсырған. Жүйе іске асса, пәтерде бірінші тұрғандар, жалдау ақысын толық төлегеннен кейін, үй иелері болуға нақты мүмкіндік алады.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Сол жалдамалы пәтерде бес жыл тұрғандар тұрғын үйді сатып алуға үміткер бола алады. Құнына қатысты әлі де талқылаулар жүріп жатыр. Бірақ қазір біз баспананы нарықтық құнынан төмен бағамен беруді қарастырудамыз. Алайда, әзірге бұл жүйенің нақты қашан іске асатынын айта алмаймыз.