Түркістан - Түркі әлемінің туристік астанасы

Келер жылы Түркістан «Түркі әлемінің туристік астанасы» болады.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің туризм мәселесіне жауапты министрлерінің VIII отырысында тиісті бастама қолау тапты. Осыған орай  қасиетті мекенде  туристік форум өтті. Осындай мәртебесі бар қалалардың туристік агенттері тәжірибесімен бөлісіп, жоспарларын ортаға салды. Ынтымақтастықты арттырып, бірлескен туристік өнімдерді құру, «Жібек жолы» заманауи тур маршрутын дамыту және бірлесіп маман даярлау мәселесі пысықталды. Ірі қалалар арасындағы рейстер санын арттырып, туризм бойынша ақпарат алмасуға уағдаласты.

Айта кетейік, қазір түркі әлемінің туризм астанасы - Әзербайжанның Шамахы қаласы.

Нұртас Кәріпбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігінің комитет төрағасының орынбасары:

- «Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы» деген атаудың өзі Түркістанға және біздің елімізге үлкен деңгей. Себебі туризм жалпы 33 саланы қамтиды. Тек қана туристер ағынын ұлғайту емес, бұл экономикаға өзінің септігін тигізеді. Келесі жылы біз туризм саласын дамыту үшін түркі әлемінің елдерімен біріккен конференция, форумдар, туристерді тартатындай іс-шара жасаймыз.