Digital Bridge 2023 – мүмкіндіктер алаңы

Digital Bridge форумы аясында бірқатар панельдік сессиялар да өтті.

Оған елге белгілі тұлғалар мен әлемдік IT компаниялардың өкілдері қатысты. Тың стартап жобалар таныстырылды.

Әл-Фараби Серіков, тілші:

- Стартаптар аллеясында көптеген IT жобалар ұсынылды. Келушілер назарына қаржылық, экономикалық мәдени, ойын-сауықтық бағытта мобильді қосымшалар, онлайн қызметтер түрі ұсынылған. Отандық IT саланың мамандары үшін өз жобаларын жаңа деңгейге шығаруға керемет мүмкіндік!

Шет елден шақырылған құрметті қонақтардың қатарында Алексей Ли де бар. Ол өзінің стартап жобаларын Қазақстанда бастаған. Кейін сол бағыттағы жұмыстарын дамытып, қазір Америкада кәсібін дөңгелетіп отыр.

Алексей Ли, IT саласының маманы:

- Қазақстанда IT саласы қарқынды дамып келе жатыр. Әсіресе жастар тарапынан қызығушылық өте жоғары. Мен өзімнің алғашқы жобаларымды осында бастадым. Қазір командамызбен Америкада жұмыс істеп жатырмыз. Азық-түлік тауарларына онлайн тапсырыс беретін қосымша құрастырдық. Нәтижесі жаман емес.

Нұралы Бегалиевтің де стартапы ерекше. Ол жанармай құю бекеттеріне арналған қосымша әзірледі. Яғни жүргізуші көліктен түспей-ақ, төлем жасай алады. Тек мобильді қосымшаны жүктеп алса болғаны. Ал кәсіпкер көрсетілген қызметті жасанды интеллектке негізделген арнайы камера арқылы қадағалап отырады. Осылайша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алады. Жоба қазір қаладағы жанар-жағармай құю бекеттерінің бірінде пилоттық жүйеде іске қосылған.

Нұралы Бегалиев, жоба авторы:

- Егер де жаңағы жерде канистра ұстап тұрса. Немесе пистолетті шығарып қайтадан салып жатқан операциялар болса оны да көреміз. Біздің қосымшаны электронды платформалардан біздің тұтынушылар тегін қолдана алады. Тегін өзіне жүктеп алады. Және ол жанармай бағасына да ешқандай әсер етпейді.

Форум ертең де жалғасады. Онда халықаралық  венчурлык компаниялардың негізін қалаушылар мен айти саласының жілігін шағып майын ішкен мықты мамандар тәжірибелерімен бөліседі.

Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Наурызбай Құрманғазы