Елімізде 3,5 мың шақырым су арнасы жаңартылады

Алдағы уақытта қолданыстағы 15 су қоймасы қайта жаңғыртылады.

Қосымша 20 жаңа су қоймасы салынады. Жалпы ұзындығы 3,5 мың шақырым каналдарды жаңарту және цифрландыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов брифинг кезінде айтты. Ведомство басшысы өңілерді аралап, қордаланған мәселелерді шешу жолдарын қарастырып жатыр. Министрлік жаңа сын-қатерлерді ескеріп, жаңа редакцияда Су кодексін әзірлеп жатқаны белгілі. Бірінші кезекте су ресурстары саласындағы халықаралық тәжірибе ескеріледі. Қолданыстағы су заңнамасының осал тұстарын анықтау үшін Бассейндік инспекцияларға жұмыс сапарлары ұйымдастырылды.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- Қызылорда облысына барып, өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымының негізгі нысандарын аралап, олардың қызметкерлерімен және сарапшыларымен сөйлестім. Сала қызметкерлері жалақысының төмендігі жеке тақырып болды. Бұл маңызды мәселені біз міндетті түрде пысықтайтын боламыз. Одан бөлек, Қарағанды және Павлодар облыстарында болып, Қ.Сәтбаев атындағы канал жұмысымен, нысандағы жөндеу жұмыстарының барысымен таныстым. Бірқатар мәселелерді, соның ішінде тозған жабдықты жаңарту және еңбекақының төмен болуына байланысты кадрлардың жұмыстан кету мәселесін жеке бақылауыма алдым. Бұл сапарлар жалғасын табады.