Жетісу облысында кәсіпкерлік нысандары 60 мыңға жуықтады

Жетісу облысында темірден киіз үй жасайтын кәсіпорын бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейінгі 2 жылда өнімге 600-ден аса тапсырыс түскен. Дәнекерлеушілер мен ісмерлер биылғы жоспарды орындап, енді келер жылға қамданып жатыр. Аймақта жиһаз өндірісіне де сұраныс артқан.

Ұлттық құндылығымызды заман талабына қарай бейімдеген кәсіпорында 4 адам еңбек етеді. Олардың әрқайсысы күніне бір киіз үйдің керегесі мен уығын және шаңырағын дәнекерлейді.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Темірден түйін түйген шеберлер 5 жылдың ішінде 2 мыңға жуық киіз үй құрастырды. Соның басым бөлігін туристік орталықтар мен малшы қауым сатып алған. Ал 100 шақтысы жомарт жандардың тапсырысы негізінде жасалып, Түркиядағы зілзаладан жапа шеккендерге бауырлас халықтардың көмегі ретінде жіберілді.

Жарқын Қайсаұлы киіз үй құрастыруды малшы қауымның өтінішімен қолға алған. Көпшіліктің сұранысы көбейген соң цехтың ауқымын ұлғайтып, тоғыз ай бойы тоқтаусыз жұмыс істейтіндей етті. Бұдан бөлек, ол сымтемірден тор тоқып, сауда саттықпен де айналысады. 30 адамның тұрақты табыс табуына жағдай жасап отырған кәсіпкер енді басқа салаларды да байқап көрмек.

Жарқын Қайсаұлы, кәсіпкер:

- Әкімдік бір гектар жер босатып берді. Қосымша шаруашылық жүргізуге болады деп. Ол жерге де станоктарды қойып, халық қажетіне қарай тағы да шаруашылықтарды жүргізу ойымда бар. Онда тіпті де ұлғайтып, маңайдағы көрші қолаңды, ауылдағы ағайынды кәсіптендіріп жібергім келеді.

Айболат Махай – әкесінің жолын ғана емес, бастаған өндірісін жалғаған кәсіпкер. Ол отбасылық ісін өркендету үшін 2009 жылы жеңілдетілген несие алған. Қажетті құрылғыларға қол жеткізген соң 5 адамды жұмысқа алып, жиһаздың барлық түрін жасайтын болды. Тіпті есікке ою-өрнек салып, сырлап береді.

Айболат Махай, кәсіпкер:

- 70% автоматизаиция болып тұр. Құрастыру ғана қолымыздан балалар жасайды. Жұмыс жеңілдеді, жылдамдық артты, сапасы жақсарды, уақыт үнемделіп жатыр. Заман орнында тұрған жоқ қой, неше түрлі станоктар шығып жатыр.

Өңірде 60 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысаны бар. Онда 100 мыңнан аса адам еңбек етеді.

Ерқанат Қажымұқанұлы, индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

- Шағын орта кәсіпкерлік субъектісімен 133 млрд сомасында қызметі көрсетіліп, өнім шығарған. Осының арқасында облыста 22 млрд салық түсіп, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 36%-ке жоғары.

Саланың ілгерлеуіне мемлекеттік бағдарламалар да ықпал етіп келеді. Биыл кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасымен 339 кәсіпкерге 15 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді. Сонымен қатар Жолдауда айтылған «Ауыл аманаты» арқылы 500-ден аса адам жұмысын жандандыруға мүмкіндік алды.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.