БҚО-да 10 мың маман дипломмен ауылға барды

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен Батыс Қазақстан облысында 10 мыңға жуық маманға әлеуметтік қолдау көрсетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың көбі келісімшарт мерзімі аяқталса да, ауылда тұрақтап қалған. Мерзімінен бұрын кетіп қалғандар да бар.

Айбек Ихсанов – «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының игілігін көрген алғашқы мамандардың бірі. Ол Жаңақала ауылындағы гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ береді. Әлеуметтік жоба аясында бесжылдық келісімшарт жасасқан екен. Мемлекет тарапынан оған баспана мен бір реттік төлем беріліпті. Келісімшарт мерзімі осыдан 3 жыл бұрын аяқталса да, педагог осы ауылда тұрақтап қалуды ұйғарған.

Айбек Ықсанов, педагог:

- А. Байтұрсынов айтқандай, балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын дейді. Елдің білімі үшін, ғылымы үшін аянбай еңбек етіп жатырмыз. Бізде ауылда қаладан ешқандай айырмашылық жоқ. Бізде барлық жағдай қамтамасыз етілген. Техника жағынан да, тәжірибе жағынан да.

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Алғашында шалғайдағы елді мекендерге әлеуметтік сала кадрларын ғана тарту көзделсе, кейін ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік қызмет мамандары да тізімге қосылды. Биыл өңірде 509 маманды тұрғын үймен қамту мақсатында республикалық бюджеттен 2,6 млрд теңге бағытталған. Ал бірреттік төлем үшін аймақ қазынасынан 600 млн теңге жұмсалды. Келісімшарт бойынша кадрлар ауылда кемінде үш жыл еңбек етуі тиіс. «Алайда кейбірі түрлі себеппен бұл талапты орындай қоймайды», - дейді мамандар.

Райса Еркеғалиева, стратегия және экономикалық даму басқармасының бөлім басшысы:

- Біздің облыс бойынша 800-ге жуық маман 3 жыл ауылдық елді мекенде жұмыс жасамай, талаптарын бұзды жобаның. Егер алған қолдау шараларын ерікті түрде қайтармайтын болса, онда міндетті түрде сотқа беріліп, қайтару шараларын алады. Себебі ол мемлекеттің қаражаты. 3 жыл мерзімі біткеннен кейін қалып жатқан мамандар да бар, кетіп жатқан мамандар да бар.

Қазір өңірде 200-ден астам дәрігер, 31 мұғалім және 140 мемлекеттік қызметкердің орны бос тұр. Солардың көбі ауылдық жерлерге қажет. Әкімдік өкілдері кадр тапшылығын шешу үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасын одан әрі жетілдіруді көздеп отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.