Таразда жер саудалағандар сотталды

Таразда қызметін асыра пайдаланған жер қатынастары бөлімінің басшысы мен сектор меңгерушісі 4 жылға сотталды.

Прокуротураның мәліметінше әкімдік қызметкерлері жымысқы ойларын іске асыру үшін алдын-ала жоспар құрған. Лауазымды тұлғалар шаруадан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 3,5 гектар жерді «мемлекет мұқтаждығына» деген желеумен заңсыз тәркілейді. Сөйтіп ол учаскені 14-ші шағын аудан аумағындағы мемлекет меншігіндегі 2 коммерциялық  жер теліміне айырбастаған. Артынша телімнің бір бөлігін 93 миллион теңгеге сатып жібереді. Салдарынан мемлекетке 121 миллион теңге көлемінде залал келді.

Аяла Құдайберген, Тараз қалалық прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры:

- Сот бұрынғы жер қатынастары бөлімінің басшысын және сектор меңгерушісін қызметін асыра пайдалану бойынша кінәлі деп тауып, оларға мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, екеуін де 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сот шешімімен жер учаскелері мемлекеттік қорға қайтарылды.