Ақтаудағы бұлақ суы ішуге жарамсыз екені анықталды

Ақтаудағы туристер қызығатын «Жартасты соқпақ» жолында бұлақ бар.

Саяхатшылар жарқабақтан тамшылап тұрған суды ішеді. Жуырда санэпидемиологтар бұлақ суынан сынама алып, құрамынан зиянды бактерия тапты. Айтуларынша, микробтар ағзаға түскеннен кейін асқазан-ішек ауруларын тудырады. Яғни, жерасты суы ішуге жарамсыз деген қорытындыға келген.

Талғат Исламұлы, тілші:

- «Жартасты соқпақ» сүрлеуі 4-шағын аудандағы жағажай жиегіне салынған. Бұл жердегі бұлақ көзіне қысы-жазы адам көп барады. Жарқабақтан тамшылаған суға беті-қолын жуады. Алақан тосып немесе ыдысқа толтырып, шөлін басады. Ағаш басқыштан төменге көз салсаңыз, жиналған судың Каспийге төгіліп жатқанын көресіз.

«Жартасты соқпақ» жолының ұзындығы – 1,5 шақырым. Ағаш саты төселген сүрлеу «Бор» мүйісінен бастап 1-шағын аудандағы яхт-клубқа дейін жалғасады. Жартас бойында үңгір, шолу алаңдары мен шағын айлақ бар. Ирина және Наталья Кубаевалар – көрші елден келген туристер. Студент қыз бен оның анасының Ақтауға алғашқы сапары екен. Бұлақ көзін көрсе де, суын ішпеген. 

Наталья Кубаева, турист:

- Біз тұратын елді мекен жанында бұлақ көзі бар. Жер астынан күшті қысыммен шығатын болғасын, суы қара мұздай. Ал мына жердегі су жылы әрі лай сияқты көрінеді. Сол себепті ішуге жүрексіндік.

Ақтаулықтар бұлақ суының ішуге жарамды немесе жарамсыздығын әлеуметтік желіде жиі талқылайды. Жақында санэпидемиологтар бұлақ суынан алынған сынама нәтижесін жариялап, даулы мәселенің нүктесін қойды. Зертханалық зерттеулер су құрамында ішек таяқшасы тобындағы бактерия көп екенін көрсеткен. «Колиформды микробтар адам денсаулығына қатерлі», - дейді қаланың бас санитар дәрігері.

Әсима Жарылғасова, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:

- Колиформды микробтар адамның, үй жануарлары мен кеміргіштердің нәжісінде тіршілік етеді. Бұлақтың суы таза емес және оған әртүрлі фактор әсер етуі мүмкін. Бұған дейін бұл аумақта геологиялық зерттеу жұмыстары жасалғаны туралы ешқандай мәлімет жоқ.

Мамандардың сөзінше, судағы микробтарды көзбен көру мүмкін емес. Иісі де сезілмейді. Сол себепті адамдар зиянды екенін байқамай, бұлақ суын ішіп жүр. Осының алдын алу мақсатында «Жартасты соқпақ» жолына ескерту тақтасын орнатуға қала әкімдігіне ұсынысхат жолданған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев.