Еліміздегі ең ірі су бөгетіне жөндеу жүргізіледі

Шығыс Қазақстанда еліміздегі ең ірі Үйдене бөгеті жөндеуден өтетін болды.

Сыйымдылығы 75 мың текше метр, ал биіктігі 70 метр болатын нысан 10 жылдан бері апатты жағдайда тұр. Үш шлюздің біреуі ғана жұмыс істейді. Су қоймасын 2018 жылы жөндеу жоспарланғанымен, жобаның сметалық құны бекітілмеген болатын.  Енді бұл мәселені шешуге Республикалық бюджет комиссиясы кірісті.  Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, алдағы екі жылда бөгетті қалпына келтіру үшін, құны 600 млн теңгеден асатын жоба әзірленеді.   Сонымен қатар Қандысу бөгеті де жаңғыртылады. Жоспар жүзеге асса, шығыстағы суармалы жер көлемін шамамен 20 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік туады.

Рамиль Сағындықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

-Республикалық бюджет комиссиясы құрылыс жұмыстарына қаржы бөлуге шешім шығарды. Бөгетті толық қалпына келтіру үшін шамамен екі жылдай уақыт керек. Өйткені су қоймасын ғана емес, негізгі арналарды да жөндеу қажет.