Республика күні қарсаңында Көкшетауда 65 отбасы баспаналы болды

Республика күні қарсаңында көкшетаулық 65 отбасы баспаналы болды.

Жаңа пәтерге ие  болғандар қатарында көпбалалы аналар, зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған жанұялар бар. Жалпы жыл соңына дейін кезекте тұрған тағы 300-ден астам ақмолалық қоныс тойын тойлайды деп жоспарланып отыр.

Он төрт құрсақ көтерген батыр ана Шолпан Нұғыманова үшін бүгін айтулы күн. Зейнеткер осы уақытқа дейін пәтер жалдап келген. Тоқсанды алқымдаған әжейдің көп жылғы арманы мереке қарсаңынды орындалды. 

Шолпан Нұғыманова, зейнеткер:

- 2007 жылы очередке тұрдым. Содан бері 14-ші үй қазіргі. Басында 25 мың, 30 мың, 80 мың қазір 140 мың төлеймін үйге. Міне жақсылық істеді құлындарым жақсы адамдар. Дегендеріне жетсін. Отан тиыш болсын. Қазаққа сабыр берсін. Көк туды жастарымыз осылай биік ұстап, жастарға, семьясы барларға осылай көмек бере беріндер. 

Жалпы өңірде мереке сайын пәтер кілтін табыстау дәстүрге айналған. Мысалы жыл басынан бері алтыншы тұрғын үй тапсырылып жатыр. Салтанатты шараға қатысқан қала әкімі соңғы жылдары құрылыс қарқын ала түскенін жеткізді. 

Бауыржан Ғайса, қала әкімі:

- Қала бойынша көп пәтерлі 48 үй салып жатырмыз. Оның 28-і мемлекеттік бағдарламалар аясында бой көтеріп келеді. Жыл соңына дейін тағы 6 үйді ел игілігіне беру жоспарда бар. Ал қалған баспаналар келер жылы үлестіріледі. 

Осылайша биылдың өзінде қала бойынша 400-ден астам тұрғын баспанаға қол жеткізеді. Ал көп қабатты үйлер шаһардағы «Сарыарқа» деген жаңа шағын ауданында салынып жатыр.

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный