Астанада респираторлық аурулардың алдын алу жайы талқыланды

Қазақстан нарығында жаңа шетелдік дәрілер пайда болады.

Ол респираторлық, яғни бронх демікпесі мен ауыр аллергиялық аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Респираторлық медицина мамандары қауымдастығының төрағасы Ирина Мукатова айтты. Бүгін Астанада осы сала еңбеккерлерінің X съезі өтті. Оған отандық пульмонолог, аллергологтармен қатар АҚШ, Канада, Польша, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген дәрігерлер қатысты. Жиында медицинадағы инновациялық жаңашылдықтар сөз болды.

Айта кету керек, қазір еліміздегі сырқаттар тізімінде респираторлық аурулар бірінші орында тұр.

Ирина Мукатова, Респираторлық медицина мамандары қауымдастығының төрағасы:

- Қазақстан нарығында пайда болатын дәрі-дәрмектер ресейлік, америкалық және еуропалық өнім болады. Бүгінгі жиында біз респираторлық аурулардың алдын алу шараларын талқыладық. Алдағы уақытта шетелдік медициналық инновациялық технологияларды сатып алу жоспарда бар. Қазір бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз.