Алматыда биыл самокат пен мопедтің қатысуымен 300-ден астам апат тіркелді

Алматыда жыл басынан бері самокат пен мопед мінгендердің қатысуымен 300-ден аса жол-көлік оқиғасы тіркелді.

Осы айдың өзінде қалада бірі самокат, бірі мопед мініп келе жатқан екі жасөспірім жол апатына түсіп көз жұмды.

Үлкен қалада кептеліске тап қылмай, баратын жеріңе жылдам жеткізетін бірден-бір көлік құралы-самокат пен мопед. Оған әсіресе жастар құмар. Жас деңгейі шамамен 14 пен 25 жас аралығында. Иә, 30-тамызда шағын электромобильді құралдарды жүргізуге қатысты заң күшіне енді. Бірақ ережелерді елеп-ескеріп жатқандар бірен-саран. Полиция қызметкерлерінің айтуыншажол қозғалысы туралы заңдағы өзгерістерді әлі білмейтіндер де бар. Ал кейбірі оны біліп тұрып орындамайды.

Айдос Қырғызәлі, мамандандырылған патрульдік полиция батальонының аға инспекторы:

- Біріншісінде ескерту қарастырылады. Екіншісінде 3 МРП айыппұл қарастырылған. 3 айлық есептік көрсеткіш. Ескертуді бір жылдың ішінде қайта қайталайтын болса, оған уже айыппұл салынады және оған көліктер жүретін жолға шыққан жағдайда міндетті түрде шлем болу керек. Ол болмаған жағдайда 5 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Егер осы ескертуді бір жылдың ішінде бұзатын болса, 10 айлық есептік көрсеткіш қайталанады.

Сондай-ақ самокатты бір қолмен жүргізуге болмайды. Электр құралдарымен адам алып және жүк тасуға рұқсат жоқ. Жолдың арғы бетіне самокаттан түсіп өтуі тиіс. Жаяу жүргіншілер жолымен жүргенде жылдамдықты сағатына 6 шақырымнан асырмауы керек. Ал автокөлік жолымен қатынағанда қорғаныс баскиімін киеді. Самокат пен мопедті кәмелеттік жасқа жеткен, қолында жүргізуші куәлігі бар азаматқа ғана пайдалануға рұқсат. Тәртіп сақшылары осыны талмай айтып келеді.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

- Біздің бірден бір мақсатымыз оларға айыппұл салу емес түсіндіру. Күні кеше ғана 13 жасар самокат тізгіндеген бала 16 жастағы мопед тізгіндеген бала көз жұмған болатын. Негізі ата-аналар балаларына сақ болуы тиіс. Заңның талаптарын үйдің ішінде отбасында түсіндіру керек. Мектеп тарапынан ұстаздар да тыс қалмауы тиіс. Егер бей-жай қарап олардың тәрбиесіне қауіпсіздігіне назар аудармайтын болса, Әкімшілік кодекстің 127-бабы бойынша біз оларға шара қолдана аламыз. 

Алматыда жыл басынан бері мопедтердің қатысуымен 300-ге жуық жол апаты тіркелді. Өкінішке қарай 4 адам көз жұмды. Ал самокат мінгендер 25 жол-көлік оқиғасына түрткі болып, одан екі адам жантәсілім етті. 27 адам жарақат алды.

Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев