Түркістан облысында күзгі әскерге шақыру науқаны жалғасып жатыр

Еліміздің Қарулы Күштерінің қатары тағы 60 сарбазбен толықты.

Бүгін Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басқожаев Кентау қаласында орналасқан облыстық жинақтау пунктіне арнайы барып, әскерге шақыру науқанының өткізілу барысымен танысты.

Бүгін Кентау қаласындағы облыстық жинақтау пунктінің алдында адам көп. Барлығы болашақ сарбаздарды шығарып салуға келген олардың ата-аналары мен туған-туыстары. Медициналық тексеруден сүрінбей өткен бозбалалар Алматы облысы Сарыөзек кентінде әскери борышын өтейді. Қарулы Күштердің тәрбиешісі жас сарбаздармен тілдесіп, оларға сәттілік тіледі. Жалынды жастар әскери міндетін адал атқауға уәде берді.

Нұрбол Құрманғазыұлы, жас сарбаз:

- 2005 жылы Арыс қаласында дүниеге келгем. Қазіргі таңда Отан алдындағы борышымды өтеуге бара жатырмын. Еліміздің барлық жастарын әскерге баруға шақырамын.

Дінмұхамед Ерболұлы, жас сарбаз:

- Түркістан қаласының тумасы әскери міндетімді атқаруға өз еркіммен бара жатырмын. Ер азамат болғаннан кейін Отанды қорғау барлығымыздың міндетіміз.

Күзгі әскерге шақыру науқанында өңірден 2 мыңнан астам азамат әскер қатарына алынады деп жоспарланған. Бүгінге дейін 700-ге жуығы Қарулы Күштер қатарына шақырылды. Тілеухан Басқожаев әскери борышын өтеген сарбаздар ЖОО-на ұлттық бірыңғай тестілеусіз оқуға түсуге мүмкіндігі бар екенін жеткізді.

Тілеухан Басқожаев ҚР Қорғаныс министрлігінің тәрбие және Идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы:

- Қазіргі таңда Қорғаныс министрлігі 70-тен астам ЖОО-мен келісім-шартқа отырды. Оның ішінде IT-ы бар, Ауыл шаруашылығы бар, техникасы бар. Ол мүмкіндік 2 жылға жарайды. Қазіргі таңда қарулы күш пен басқа да әскери құрылымдарда 49 мыңға жуық әскери қызметкер осындай таңдауын жасап отыр. Бұл мемлекет тарапынан үлкен бір көмек деп ойлаймыз.

Биыл Жоғары оқу орындары есебінен әскерилерге 3 мың орын тегін бөлініп отыр. Күзгі әскерге шақыру науқанында еліміз бойынша 18 мыңнан астам сарбаз әскер қатарына алынады деп жоспарланған. Ал әскерге шақыру мерзімі 31 желтоқсанға дейін жалғасады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов