Қазақстан мен Корея полициясы қылмыскерлерді бірлесіп іздестірмек

Қазақстан мен Корея қылмысқерді бірге іздейтін болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сеулде өткен келіссөзде екі ел полициясының өкілдері осындай мәмілеге келді.

Сеулдегі халықаралық полиция саммитіне 35 елдің өкілдері қатысты. Полиция басшылары Кореяның қылмысқа қарсы күрес тәжірибесімен танысуға келді. Өйткені жергілікті тәртіп сақшылары құқық бұзушыларды жаңа технологиялардың көмегімен іздеуді қолға алған. Кореяның Ішкі істер министрінің айтуынша, қазір жергілікті мамандар күдіктінің кім екенін шаш немесе қан ізі арқылы анықтауға мүмкіндік беретін тың технологияны әзірлеп жатыр екен.

Юн Хи Гын, Корея Республикасының полиция басқармасының басшысы:

- Сіздерге 112 жүйесін таныстырғым келеді. Қылмыс, тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам ұрлау деректері жайлы хабарлау қиын болған кезде жәбір көруші телефондағы кез келген нөмірді 2 рет басса жеткілікті. Сол арқылы  қылмыстың қай жерде болып жатқаны бірден полицияға жіберіледі.

Қазақстан Ішкі істер министрінің айтуынша, біздің елде интернет-алаяқтық – жиі кездесетін қылмыс түрлерінің бірі. Бүгінде ол ұрлықтан кейін екінші орында тұр екен. Осыған байланысты ведомство басшысы корейлік әріптестерін киберқылмыспен күресу тәжірибесімен бөлісуге шақырды.

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Біз ішкі істер министрліктері арасында қылмысты талдау, болжау, тәжірибе алмасу, киберқылмыспен күресу бойынша бірлескен іс-шараларды жүргізу, ведомстволық білім және ғылым саласындағы өзара іс-қимыл секілді бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз.

Сондай-ақ Қазақстан мен Кореяның ішкі істер министрліктері екі ел аумағында жасырынған қылмыскерлерді бірлесіп іздестірмек.

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Кореяда Қазақстан Республикасының 45 мың азаматы тұрады, оның ішінде 10 мыңға жуығы – заңсыз жүргендер. Өкінішке қарай, қауіпсіздік және қылмыспен күрес саласында әлі күнге дейін екі ел арасында келісімдер жоқ. Бүгінде біз тек Интерпол арқылы ғана байланысамыз.

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстік Корея көшелерінде тәртіп сақшыларын көрмейсіз. Барлығын камера бақылап отырады. Қылмыс жасалса, күдікті жылдам анықталады. Барлығына ІТ-технология көмектеседі. Біздің еліміз осы тәжірибені жетілдіруге ниетті. Осы бағытта жұмыстар басталып кетті.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.