Өскемен жаңа кейіпке енеді

Еліміздегі көне қалалардың бірі - Өскемен жаңа кейіпке енеді.

Облыс орталығындағы жарты ғасыр бұрын салынған ғимараттар жаңғыртылады. Сәулетшілер тұрғын үйлермен қатар даңғылдар мен саябақтардың сыртқы келбетін түрлі стильде безендіреді. Тарихи дәлдікті сақтау үшін әр ғимараттың қасбеті оның салынған жылына байланысты өзгертіледі.

Тарихы 3 ғасырдан асатын Өскеменді жаңа кейіпте түрлендіру үшін сәулетшілер консилиумы жиналып жатыр. Дизайнерлер дайындаған жоба әзірге көпшілік талқысына шығарылған жоқ. Олардың жоспары бойынша қаланың ескі бөлігінің  түсі өзгереді. Тарихи ғимараттар сыртқы жарнамадан арылып, оның бірыңғай стандарттары енгізілетін болады. Мысалы – мына аумақ 1909 жылы «іскерлік орта» деп аталған. Бұл ауданда саудагер көпестердің кеңселері болған. Сол ғимараттардың бүгінге дейін тек  қасбеті ғана өзгерген. Енді барлығы бірыңғай стильде қайта жаңғыртылады.

Владимир Землянский, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Қазір біз нақты нақты стандарттарды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, соған сәйкес қасбеттер қайта өзгертілетін  болады. Қайта жаңарту жобаларының ережелерін жасайтын ұйымдарды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жарияланды.

Бертін келе бой көтерген үйлердің келбеті әр түрлі болады. Ал ерекше стильде салынған ғимараттарға жеке дизайн таңдалады. Шығыс Қазақстан техникалық университеті сәулет және дизайн мектебінің доценті Сергей Комлев қала құрылысы мен сәулетіне реформа қажет деп есептейді. Ескі ғимараттарды жаңа кейіпке өзгертпес бұрын мамандар талқысына салу керек. Сәулетшілер одағы секілді іргелі ұйым мүшелерімен ақылдасқан жөн.

Сергей Комлев, Шығыс Қазақстан техникалық университеті сәулет мектебінің доценті:

- Көптің көңілінен шығу үшін қоғамдық сүзгіден, яғни талқылаудан өткізу қажет. Кезінде Өскемен  әкімдігімен бірлесе жұмыс істеген  ұйымдармен байланыс орнатып, кеңес алған дұрыс. Бұл қатарда біздің университет те бар.

Өскеменнің дизайн-кодын әзірлеуге жауапты мамандар кешенді түрде кірісеміз деп отыр. Жобаны әзірлеу барысында барлық шығармашылық жұмыс негізге алынады. Сәулетшілердің өтініш-тілектері ескеріледі. Көне қаланы жаңарту жұмыстары жоспар бойынша келесі жылы басталады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин