Риддер жылу орталығының бұрынғы басшылары тергеліп жатыр

Алаяқтық фактісі бойынша Риддер жылу электр орталығының бұрынғы басшыларына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Олар алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқырып, мемлекетке 4,1 миллиард теңге залал келтірді деген күдікке ілінді. Тергеу барысында мекеменің жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған қаражаттың жүйелі түрде ұрланғаны анықталып отыр.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- 2018-2022 жылдар аралығында Риддер ЖЭО-ның бұрынғы лауазымды тұлғалары ғылыми-техникалық қызмет көрсету, қазандықтарға, жылу желілеріне және турбогенераторларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін кәсіпорындармен жалған келісім-шарттар жасап, уәкілетті органға жалған есептер ұсынған. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.