Алматы жұршылығы Республика күніне арналған мерекелік концертті тамашалады

Республика сарайы халыққа лық толды. Жиналғандар мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіп, гимнді бірге орындады.

Ал өнер иелері эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен патриоттық шығармаларды орындады. «Тəуелсіздік толғауы», «Елге тағзым», «Жер-Ана», «Мен сені сүйемін, Қазақстан!» сияқты патриоттық әндер шараның мән-мағынасын арттыра түсті. Сахнадан төгілген ән мен жырдан, би қойылымынан ұлттық дәстүр мен қазақи нақыш аңқып тұрды. Отансүйгіштікті насихаттайтын туындыларға көрермендер ерекше ықыласын білдірді. Салтанатты кешке келушілердің арасында «Егемендік туралы декларацияны» қабылдауға қатысқан экс-депутаттарда болды.

Асылмұрат Тұрғанбеков, XII шақырылған қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты:

- Жоғарғы Кеңестің XII шақырылымы, сонда біз декларация қабылдадық. Осыдан 33 жыл бұрын. Декларация қабылдау оңайға түскен жоқ. Бұл нағыз толқитын шақ болды ғой. Біз декларация қабылдап орнымыздан тұрып, уралап қуанғанымыздан көп адамның көзінен жас шықты. Бұл біздің еліміз үшін, жеріміз үшін ең бірінші қабылданған документ осы ғой.

Сергей Әзімов, кинорежиссер:

- Ең құнды, ең бақытты, ең ерекше құндылық-біздің егемендігіміз. Біздің тәуелсіздігіміз. Сол себепті 25 қазан күні тарихи күн. Осы мына біздің тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын. Мен бүкіл халқымызды, осындай мерекемен шын жүректен құттықтаймын.