Өскеменде Италияның Генуя университетінің филиалы ашылады

Сәйкесінше ол жақта қазақстандық студенттер де оқып, қос диплом алып шығады.

Екі елдің гуманитарлық бағыттағы жоғарғы оқу орындарының өкілдері тиісті келісімшартқа қол қойды. Ғылыми әріптестікте инклюзивті білім беру және коррекциялық педагогика саласын жетілдіруге басымдық беріледі. Себебі елімізде дамуында ауытқуы бар балалар саны  артып келеді, дейді мамандар. Демек оларға лайықты қолдау көрсетуде Еуропа елдерінің, соның ішінде  Италия ғалымдарының ғасырлық тәжірибесін зерттеу артық болмайды. Жалпы ел аумағында 12 мың бала ерекше білім беруді қажет етеді. Тек Шығыс Қазақстан облысында коррекциялық сыныптарда мыңға жуық бала оқиды.

Ирина Ровнякова, гуманитарлық университеттің проректоры:

- Инклюзивті білім беру саласын заман ағымына сай дамыту, өмір талабы болып тұр. Біз неге Италияны таңдадық, себебі ол елдің дәл осы тұрғыда жүз жылға жуық тәжірибесі бар. Яғни методикасы, технологиясы тереңде жатыр. Біз тек өз тәрбиемізге сәйкес жетістіктерін үйренетін боламыз. Осылайша ерекше балаларға білім беру сапасын көтереміз.