Риддер ЖЭО бұрынғы иелері ₸5,5 млрд борышын өтеді

Риддер жылу электр орталығының бұрынғы меншік иелері 5,5 млрд теңгеден астам борышын, оның ішінде жалақы және салық міндеттемелері бойынша қарызын өтеді.

Осылайша, жылу энергиясын өндіру станциясы мемлекет меншігіне өтеусіз негізде қайтарылды. Бұл Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Департаменті жүргізген тергеу нәтижесі. Еске сала кеткен жөн, Риддер Жылу электр орталығының бұрынғы лауазымды тұлғалары жөндеу жұмыстарына арналған қаражатты ұрлады деген күдікке ілінген болатын. Соның салдарынан жылу беру кезінде станция бірнеше рет істен шыққан еді. Орталықтың бұрынғы басшыларына қатысты мемлекетке 4,1 млрд теңге көлемінде шығын келтірді деген күдікпен, алаяқтық фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. 

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.