Абай облысында 30 жыл жөндеу көрмеген жолға асфальт төселіп жатыр

Абай облысында 30 жылға жуық жөндеу көрмеген көшелер асфалтталып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шар қаласындағы Амангелді көшесінің шұрық-тесігі шыққанын тұрғындар сан мәрте көтерді. Қазір шаһардағы ең үлкен көшеге орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Облыстық бюджеттен 288 миллион теңге бөлінген. Шарда әлі де жөнделмеген көше көп. Осыған орай Жарма ауданы әкімдігі келесі жылы 4 көшені жаңартуға бюджеттік өтінім берген. Өңірде аудандық және облыстық маңыздағы 4,5 мың шақырым жол бар. Соның 2 мың шақырымнан астамы жөндеуді қажет етеді.

Еркеш Рахымбердинов, қала тұрғыны:

- Ой шұңқырдан шұңқыр болды. Машина жүрмейтін. Басқа көшелермен айналып жүріп жүрді «мәшіненің» бәрі. Көшелердің бәрі тураланып келе жатыр. Жақсы, шынын айтамын. Тәуба осыған.

Қуат Қожманов, мердігер компания өкілі:

- Шар қаласындағы Амангелді көшесінің 3 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізі дайын. Бірінші қабатын салып жатырмыз. Қалыңдығы – 5 сантиметр. 20 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Жұмылдырылған. Қаладан 10-15 машина асфальт әкеп жатыр. Осы жерде 5 машина жұмыс істеп жатыр.