Елордада антибиотиктерді жөн-жосықсыз қолдануға қарсы құжат қабылданды

Елордада микробқа қарсы препараттарға төзімділікпен күрес жөніндегі жол картасы қабылданды. Құжат антибиотиктерді жөн-жосықсыз қолдану мәселесін шешуге бағытталған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының мәліметінше, тек Еуропалық Одақта 1 миллион 300 мыңнан астам адам дәрі-дәрмекті негізсіз пайдаланғаннан көз жұмады. Мамандар антибиотиктің тек шұғыл жағдайда тағайындалатынын айтып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясы өз жұмысын қорытындылады. Сессия соңында саладағы бірнеше маңызды стратегиялық құжат мақұлданды. Ол  кадрлық дағдарысты шешуге септігін тигізеді. 

Данило Ло Фо Вонг, ДДҰ Еуропалық аймағындағы микробқа қарсы тұрақтылық бағдарламасының жетекшісі:

- Біз дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймағында микробқа қарсы препараттарға төзімділікпен күрес жөніндегі жол картасын қабылдадық. Бұл құжатты ұйымға мүше барлық ел бірауыздан қолдады. Бұл –  үлкен жетістік. Құжатта ғылыми негізделген іс-шаралар болады. Біз орта және ұзақмерзімді бағыттарда бірлесіп ынтымақтасуға және тәжірибе алмасуға келістік.