Ақтөбе облысындағы қос ауыл газсыз отыр

Ақтөбе облысы Темір ауданында қос елді мекен газ желісіне қосыла алмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі құбыр тарту жұмысы жарты жолда аяқсыз қалды. Енді 300-ге жуық үйдің тұрғындары қақаған қыста жылусыз қаламыз ба деп алаңдайды. Әбігерге түскен жұрт пен жауаптылардың уәжін тілшілеріміз тыңдап  қайтты.

Ақырыс Көшбаева қыс таяғанда қайтадан ошақ салып, от жағамын деп ойламапты. Себебі газ желісі тартыла бастаған кезде пештерді бұзып, үйді  көгілдір отын жүргізуге дайындаған. Алайда газдың әзір келетін түрі жоқ, сондықтан қайта отын жинауға кірісіпті.

Ақырыс Көшбаева, Еңбекші ауылының тұрғыны:

- Әлі газымыз келген жоқ. Жалғыз мен емес, бүткіл ел күтіп отыр, 2 жыл, үшінші жылға аяқ басып бара жатыр. Сосын енді өзіміздің қамымызды істеп жатырмыз. Отынымызды тасып, енді қысқы қамға кірісіп жатырмыз бәріміз де.

Еңбекші ауылына газ тарту бірнеше жыл бұрын басталды. Алайда құбыр жүргізу мен ауылішілік желі тарту жұмысының жүргенінен тоқтап тұрғаны көп, - дейді тұрғындар. Көрші орналасқан Алтықарасу ауылы да көгілдір отынға әлі қосылмады. Үйіне газ кіргізуге дайындаған тұрғындар енді  тоннасы 30 мың теңгеге болатын көмірге тапсырыс бере бастапты.  

Нұрасқан Мансуров, Алтықарасу ауылының тұрғыны:

- Отын жоқ. Отын алу керек. Оған біреуінің қаражаты жетеді, біреуінікі жетпейді жағдайы. Халықтың зары сол. 1-2 бас малын сатпай, ол отын кірмейді. Өзі халықтың күн көріп отырғаны – сол мал.

2 ауылдың газ желісіне қосылмағаны жауапты мекемелердің де басты проблемасына айналған. Мамандардың айтуынша, Еңбекші ауылына газ өткізуі тиіс мердігер компания міндетін орындамаған. Сондықтан ісі сотқа жіберілді.

Жандәурен Қойшыбаев, Темір ауданы әкімінің орынбасары:

- Түркістан облыстық сотымен мердігерді «жосықсыз» деп танып, 18 қыркүйек айында соттың шешімі шықты. Алайда сот шешімі бойынша мердігерге жұмысын аяқтауға рұқсат беріп тұр. Қазіргі таңда мердігер пластикалық құбырды зауытпен келісіп, бізге хабарламасын, видеосын жіберіп отыр. Жасақтап жатыр.

Самат Лепесов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Бақылауда ұстап отырмыз. Жылдың аяғына дейін уәде берді мердігер мекеме. Орындалмаған жағдайда сол келісімшарт бұзылады. Басқа мердігер таңдаймыз.

Мамандардың айтуынша, ауылға әлі 17 шақырым құбыр тартылуы керек. Еңбекшіге газ берілсе, көрші Алтықарасу ауылына да жетіп, 300-ге жуық үй мен әлеуметтік нысандар көгілдір отынмен қамтылады. Мердігермен хабарласу мүмкін болмады. Ал әкімдік өкілдері бұл істі бақылауға алған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.