Алаяқтар интернетте қазақстандықтарды 13 млрд теңгеге алдап кеткен

Жыл басынан бері елде 15,5 мың интернет-қылмыс тіркелген.

Алаяқтар әлі де болса адамдарды алдап, ақшаларын жымқыруда. Пысықайларға келтірген шығын бүгінде 13 млрд теңгеге жетеді. Бұндай ақпаратты Ішкі істер министрлігі жариялады. Көбіне адамдар онлайн сауда жасау барысында зардап шегеді. Тез пайда табамын деп несие рәсімдеп, ақшаларын жалған инвестициялық жобаларға салады. Осылайша қомақты қаржыларынан қағылып жатады - дейді, тәртіп сақшылары. Бір жыл ішінде 1 мың 200 қазақстандық  осындай схемалардың құрбаны болған. Алаяқтар ірі компаниялардың, соның ішінде ұлттық компаниялардың, банктердің, криптобиржалардың атынан жалған сайттар құру арқылы азаматтарды қызықтырады екен.

Рүстем Дүйсетаев, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары:

- Бүгінде банктер, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан жасалатын алаяқтық алаңдаушылық туғызып отыр. Осы тәсілмен жыл басынан бері 3 мыңнан астам алдау дерегі тіркелді. Мұндай қылмыстардың дені шетелден жасалады. Бұл оларды ашу процесін қиындатады. Егер онлайн-сауда бойынша қажетті ақпаратты қазақстандық сайттардан сұратуға болатын болса, өзгелеріне халықаралық сұраныстар жіберу керек. Тиісінше, қажетті мәліметті алу үшін ұзақ уақыт кетеді.