Жамбыл облысында ауыл халқы мұқтаж отбасыларға үй салып жатыр

Жамбыл облысында ауыл тұрғындары асар дәстүрін жаңғыртып, мұқтаж отбасыларға баспана салып беріп жатыр.

Байзақ ауданында биыл 14 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Игі бастама аймақтағы барлық ауылда қолдау тапқан.

Асқарбек Жолдасбековтің бала кезінде қос аяғы сынып, сүйегі дұрыс бітпеген. Содан ауыр жұмысқа жарамсыз. Үшіншті топтағы мүгедектігі бар. Қолында жары мен екі баласы, қарт анасы мен мүмкіндігі шектеулі бауыры тұрады. Жылдар бойы пәтер жалдап жүрген ол ауылдастарының арқасында баспаналы болды.

Асқарбек Жолдасбеков, Сарыкемер ауылының тұрғыны:

- 10 шақты жылдай квартирада жүрдім. Ана жаққа көшем мына жаққа көшем. Біреу сатып жібереді үйін, біреу басқаны тұрғызады өзі келіп тұрғысы келеді. Амал жоқ босатып беру керек болады. Аяғында міне Аллаға шүкір қазір қуанып жатқан жайымыз бар. Мерекенің қарсаңында міне мереке болып жатыр. өте қуаныштымын. Мұқтаж жанға қол жете алмай жүрген жанға тағы да осындай баспаналы болсын деймін.

Ауылдасының жағдайына алаңдаған сарыкемерліктер алғашында ауыл ішінен жер алған. Сөйтіп, былтыр 3 бөлмелі үйдің құрылысын бастады. Бірі кірпішін алып берсе, енді бірі шатырына жәрдемдесіп, жастар баспана құрылысына атсалысты. 

Бақытжан Жұмабеков, Сарыкемер ауылының тұрғыны:

- Қолымнан келгенше көмектестім. Өзімнің үлесімді қосып осы ауылдың тұрғын болғаннан кейін. Өзің бұл ауыла еуроқоршаумен айналысам. Сол қоршау жағынан үлесімді қостым. 

Игілікті шарадан жергілікті билік те қалыс қалған жоқ. Әкімдік мұқтаж отбасы балаларын мектеп пен балабақшаға орналастырып, ыстық тамақпен қамтып жатыр. Әрі жаңа үйдің құжаттарын ретке келтіруді де қолға алған. 

Талғат Жамалов, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары:

- Бұның газға қосылуы жылытуға, аудандық газ мекемесі өзінің септігін тигізеді. Көмектеседі жеңілдікпен. Одан кейін жергілікті сәулет құрылыс бөлімі қабылдауына көмектеседі басқасына. Құжаттарын реттеп береміз.

Аймақта «Асарлатып үй салу» жобасы 3 жыл бұрын басталды. Осы уақыт ішінде 338 отбасы баспаналы болды. Биыл тағы әлеуметтік аз қамтылған 105 отбасы қоныс тойын тойламақ.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев