Жамбыл облысында 2500 адам шекара заңнамасын бұзған

Шекараға қырағылық керек.

Жамбыл облысында биылдыққа 2,5 мың адам жауапқа тартылды. Жүзге жуығы Пәкістан, Үндістан, Непал, Бангладеш сынды Орталық және оңтүстік Азия елдерінің азаматтары. Бұлар Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп, Еуропаға өтпек болған. Заң бұзушылардың қатарында, шет елге құжатсыз шықпақ болған Қазақстан тұрғындары да бар. Осындай бас-аяғы 102 қылмыстық іс қозғалып, қалғаны әкімшілік жауапқа тартылды. Шетел азаматтары 5 жылға елден депортацияланды. Кейінгі екі жылда шекараның 500 шақырымы сым қоршауларымен бүтінделіп, 76 аумақта жөндеу жүргізілген. Қосымша 228 бейнекамера орнатылды.

Абай Тәжбен, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры:

- Соңғы 2 жылда құны 2,6 миллион теңгені құрайтын темекі мен 126 мың құты алкаголь елге заңсыз кіргізілмек болды. Ал Қазақстан аумағынан 132 тонна жанармай заңсыз шығарылған. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке 2 милииард теңге шығын келді. Осыған байланысты прокуротура мен жергілікті билік және шекарашылар арасында арнайы жоспар жасалды. Шекараға тым жақын кәсіпкерлік жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу үшін істер сотқа жолданды. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз.