«Нарын» халық аспаптар оркестрі Моңғолияда өнер көрсетеді

Н. Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының Қаршыға Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі Моңғолияда өнер көрсетеді.

Екі ел арасындағы мәдени-рухани ынтымақтастықты арттыру мақсатында  өнер ұжымы қарашаның бірінде жолға шығады. Баян-Өлгиймен тұрақты әріптестік байланыс орнату, тәжірибе алмасу бағытындағы гастрольдік концертте елге танымал композиторлардың туындылары мен халық әндері орындалады. Оркестр құрылғаннан бері Ресей, Корея, Венгрия, Моңғолия сынды ондаған мемлекетке барып, ұлттық өнерді дәріптеуге елеулі үлес қосып жүр. Бүгін оркестр мәдени сапарға дайындық ретінде, әрі қала тұрғындары мен қонақтарына арнап, жергілікті композиторлардың шығармаларынан концерт қойды.

Хамил Сүйекбаев, облыстық филармонияның директоры:

- Гастролдік сапарымыз жыл бойы тойланып жатқан Құрманғазы бабамыздың 200 жылдығы, сонымен қатар дүлдүл ақын, батыр Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналып отыр. Концерттің атын “Ұлы дала әуені” деп қойып отырмыз. Бұл концерттік бағдарламада күйлер ғана емес, қазақ елінің әндері, жергілікті өнерпаздардың әндері, күйлері қамтылмақ.