Өскеменде жауын-шашын толастар емес

Нөсерлетіп тұрғанына үш тәулік болды. Салдарынан қала ішіндегі қозғалыс қиындаған. 

Жиналған суды қабылдайтын кәріз жүйелері лық толды. «Таза Өскемен» мекемесі күшейтілген режимдегі жұмысқа көшті. Тұрғындар бұл коммуналдық сала жұмысының ретсіз ұйымдастырылуынан деп санайды. Себебі осы жағдай көктем мен күзде жыл сайын қайталанып келеді.

Өскеменнен қазір құрғақ жер табу қиын. Қайда барсаңыз су жалдап жүруіңізге тура келеді. Кейбір көше жолдарын толығымен жаңбыр суы басып қалған. Айналып өте алмағандар шалпылдатып кешіп өтуге мәжбүр. 

Валентина Ротт, қала тұрғыны:

- Жағдай осы, көшеде жүру мүмкін емес. Ешқайда бара алмай қалдық.Жолда жиналған су шашыраған кезде үсті басымыздан түк қалмайды.Өскемен қаласының коммуналдық қызметі неғұрлым жйүелі жұмыс істесе болар еді.Тұрғындарға қиын болды ғой. 

Суағарлар суға лық толған. Коммуналдық қызмет өкілдері тәуліктік қызметте. 10 көлік, 10 мотопомпа, 50 адам жұмылдырылған. Осы күнге дейін 2 мың текше метр су сорылған. Бұндай қызу қарбаласқа техника да шыдас берер емес. 

Қадылбек Дүкей осы жолдың бойын түнімен аралап жүр. Айтуынша суды толық сорып алуға ауа райы мұрша берер емес. Нөсер қайтадан толтырып тастайды. 

Қадылбек Дүкей, "Таза Өскемен" мекемесінің жұмысшысы:

- Күндіз түні ұйқтамай жұмыскерлер жұмыс істеп жатырмыз,бұл енді халық үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Су құбыры істемейді,жол қолайсыздығы көп болып тұр,кейбір жерде асфальттің ойылып кету жағдайы бар кейбір жерде су тоқтап қап,жаяу жүргіншілер өте алмай қалып жатыр. 

Жаңбыр суын жинайтын құдықтар қаланың барлық жерінде тұр деуге келмейді. Мысалы Назарбаев және Менделеев көшелерінің қиылысы қазір көлшікке айналған. Себебі кәріз жүйесі тек осы ұзын көшенің бас жағында. Бұл жағдайды одан сайын ушықтырып тұр. 

Айбек Қасайынов, "Таза Өскемен" мекемесінің учаске бастығы:

- Жиырма төрт сағат бойы жұмыс істеудеміз, техникамыз, адамдарымыз,ешкім үйінде демалып жатқан жоқ,яғни бәр жерде жұмыс жүргізілуде. 

Қала тұрғындарының айтуынша гәптің бәрі шаһардағы жауын-шашын жиналатын құдықтардың ретсіз орналасуында. Өйткені мұндай жағдай маусым сайын қайталанып келеді. Ал синоптиктердің болжамынша ертең де жаңбыр жауады. Тек содан кейін соңы қарға ұласып, күн суыта бастайды. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов