Алматыда үй жануарларын тегін чиптеу басталды

Алматыда үй жануарларына чип орнатып, электронды үкімет базасына тіркеу басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл қызмет түрі ветеринарлық паспорты бар барлық үй жануарлары үшін тегін. Бұл жұмыс 20 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Ол үшін қаланың 8 ауданында 8 ветеринарлық клиника жұмыс істейді. Чип салу үшін жануардың ветеринарлық паспорты, иесінің жеке куәлігі, смс код арқылы растау үшін ұялы телефоны болса жеткілікті. Осы арқылы бірыңғай базаға тіркеледі. Бұл чипі бар жануар жоғалып кетсе, тауып алған соң оның егесін жылдам анықтауға, шет елге саяхатқа кедергісіз алып жүруге мүмкіндік береді. Әзірге 15 мың ит-мысықты чиптеу және тіркеу көзделген.

Меруерт Кәдірақын, ветеринарлық дәрігер:

- Чиптеуге алып келген жануарды біз ең бірінші қараймыз, тек сау жануарларға салынады. Чиптің өзі шприцта орналасқан және укол инъекция сияқты өтеді. Тері астына салынады. Бұл процедура оңай өтеді 5 минуттың ішінде.