Алматыда үздік жас офицерлер марапатталды

Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының 8 түлегі марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жас офицерлер 2 жылдың ішінде өздерін кәсіби маман ретінде көрсете білген. Оларға «Үздік маман» айрықша белгілері табыс етілді. Институтты аяқтап, әскери салаға қадам басқан жастар – қазір рота командирлері. Үздік мамандар көшбасшылық қабілеті, тәртібі, әскери ұжымдардағы қоғамдық өмірге етене атсалысу қағидалары бойынша іріктелген. Марапаттау рәсіміне Қарулы Күштердің ардагерлері, институт оқытушылары және жас офицерлердің туысқандары қатысты.  

Шәкен Айғаниұлы, рота командирі:

- 2 жыл ішіндегі қызмет атқарған, тынбай еңбек еткеніміздің арқасы және осы әскери институт қабырғасындағы оқытушылармен біздің сол аралықта өткізген командирлеріміздің тәлім-тәрбиесі деп білеміз. 2 жыл ішінде бізді Құрлық әскерлері Әскери институтында бізді құрметтеу біз үшін үлкен мәртебе деп білеміз.

Мырзағали Дарбышев, С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институты бастығының орынбасары:

- Бұл іс-шара бүгін ғана өткізіліп жатқан жоқ. Бұл іс-шара 2011 жылдан бері өткізіліп жатыр. Іс-шараның мақсаты – ҚР Қарулы Күштерінде жүрген офицерлерге және осы біздің институттың қабырғасында оқып жатқан жас курсанттарға үлгі ретінде көрсетіп, өздері келешекте әскерге келгенде осындай үздік офицер атануға деген стимул беру.