Архивтердің дені талапқа сай келмейтін ғимараттарда орналасқан

Еліміздегі архивтердің дені талапқа сай келмейтін ғимараттарда орналасқан.

Сенатор Дархан Қыдырәлі осындай мәселе көтерді. Оның сөзінше, архив қоймалары әбден толып қалған. Тіпті, кей өңірлерде жаңа құжаттар қабылданбайды. Салада маман тапшы. Жалақының аздығы мен жүктеменің көптігі осыған алып келді. Салдарынан құнды құжаттарды қайта жаңғырту, сандық жүйеге енгізу мүмкін болмай тұр. Сенатор қордаланған түйткілдерді шешу үшін "Архив 2025" бағдарламасын қайта қарау қажет дейді.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- 2022 жылы қаңтар айында Алматы, Талдықорған, Қызылорда, Тараз қалаларының ведомстволық архивтері отқа оранды. Түрлі апаттар мен төтенше оқиғалар болған жағдайда құжаттарды эвакуациялайтын арнайы орындар мүлде жоқ. Сондықтан, архив қоймаларды кеңейту, құжаттарды қорғау, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптар ескере отырып, архивтер үшін арнайы ғимараттар салу ісі ұлттық мұраның сақталу тұрғысынан маңызды міндет болса керек.