СҚО-да орманшының еңбегі жоғары бағаланды

Солтүстікқазақстандық орманшы Сәбит Мұстафин III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.

Жоғары награданы оған Ақордадағы салтанатты жиында Президенттің өзі табыстады. Бұл оның талай жылғы еңбегінің жемісі.

Сәбит Мұстафин орман шаруашылығында 2012 жылдан бері табан аудармай жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, бұл мамандықтың қиындығымен қатар қызығы да көп. Басты міндет – қоршаған ортаны қорғау.

Сәбит Мұстафин, орманшы-қорықшы:

- Орманды қадағалаймыз. Орманды сақтаймыз ғой енді былай айтқанда. Өрттен, ұрлықтан. Сосын бізге аңды қосып берді. Қазір біз аңды да қараймыз. Заңсыз аңшылық құруға болмайды. Ағаш болғасын аң болу керек. Табиғат бәрі бір – бірімен бәрі сәйкес қой.

Шалғайдағы қарапайым орманшының талай жылғы қажырлы еңбегі елеусіз қалмады. Республика күні қарсаңында ол Президент қолынан III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін алды. Оның бұл қуанышына әріптестері де дән риза. 

Ерлан Бекмағамбетов, "Орлиногор орман шаруашылығы" КММ директорының орынбасары:

- Өте жақсы адам. Сыйлы адам. Әріптестерінің ортасында сыйлы. Өзінің жұмысына өте адал. Айтқан нәрселерін бәрін орындайды. Тиянақты жұмысына. Сондықтан Сәбит Қайранасұлының осы марапатын лайық деп санаймын.

Өңірде Сәбит Мұстафин сияқты 500-ге жуық орманшы бар. Қазір олар күзгі ағаш егу науқанын аяқтады. Жалпы,облыс бойынша 2025 жылға дейін 120 млн жас көшет егіледі. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков