Түркістан облысында заңсыз көші-қон ұйымдастырған күдікті ұсталды

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында заңсыз көші-қон қызметін ұйымдастырған жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жедел-іздестіру шаралары кезінде Өзбекстан азаматтарына мемлекеттік шекарадан заңсыз кіріп-шығуы үшін сыйақыға қызмет көрсеткен күдіктіні қолға түсірді. Ол мемлекеттік шекарадан кедергісіз өткізу үшін шетелдіктерден 130 мың теңге алып жатқан жерінде құрықталды.

Тінту кезінде күдіктіден 2,5 миллион теңгеге жуық ақша, 2 ұялы телефон мен құжаттар тәркіленді. Сонымен қатар полицейлер тұрғынның үйін тексеру кезінде елде болу мерзімін бұзып жүрген Өзбекстанның 30 азаматын анықтады.

Ғалымбек Тұрысбеков, ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы:

- Қазіргі уақытта қылмстық кодекстің 394-бабы «Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауда.