«Саламатты Қазақстан» пойызы Түркістан облысына жетті

Өңірдегі сапарын Сауран ауданынан бастаған медициналық көлік бүгін Отырар ауданындағы «Ақшоқат» станциясына тоқтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда білікті мамандар шалғай ауыл тұрғындарына медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсетіп жатыр. 

Отырар жұртты «Саламатты Қазақстан» пойызын қуана қарсы алды. Ауыл тұрғындары таңмен таласа тұрып, білікті дәрігерлерге көрініп, кәсіби мамандардан кеңес алу үшін станцияға жиналды. Отырар ауылының тұрғыны Зина Нақыпбекова соңғы кездері денсаулығының мазалап жүргенін атып, дәрігерлерге жүгінді.

Зина Нақыпбекова, Отырар ауылының тұрғыны:

- Хирургке кірдім, аяғымды көрсеттім. Жүрегімді түсірдім. Енді УЗИ-ге келіп тұрмын. Көрініп жатырмын, жақсы қабылдап жатыр. Қыздар да, балалар да жақсы. Денсаулығым жақсы болып кететін шығар деп ойлаймын.

Дәрігерлер көбіне ауыл тұрғындары денсаулығына мән бермей, ауруын асқындырып алатынын айтады. «Дер кезінде қаралып, ем алса, құлантаза айығып кететін науқастар жиі кездеседі», - дейді.

Медициналық пойыз сәуір айынан бері еліміздің 15 облысын аралап келеді. 67 мыңнан астам адамды қабылдап, көмек көрсеткен. Сондықтан шалғай ауылдарда тұрып қажетті медициналық және құқықтық көмектерді алуға мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін бұл – үлкен мүмкіндік, - дейді.

Айнұр Егінбаева, медициналық пойыздың бас дәрігері:

- Біз науқастың сақтандырылған, сақтандырылмағанына қарамаймыз. Бізде хирург, уролог, неврапатолог, лор, окулист, кардиолог, стамотолог, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, сонымен қатар анализ, флюородан, УЗИ-ден өте алады. Іш құрылысының экокардиологиясы және электркардиограмма. Осының барлығын тегін түрде бізден келіп өте алады.

Пойыз заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен, шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған. Бұдан бөлек, кез келген азаматқа барлық мәселе бойынша құқықтық, психологиялық және ең үздік кәсіби заңгерлер тегін көмек көрсетіп, кеңес береді.

Жандос Жұмабайұлы, заңгер:

- Заңгерлер бұл дәрігерлер секілді. Дәрігер науқасты тексеріп көрмейінше ештеңе айта алмайды. Бізде құжатты көрмейінше толық ақпарат бере алмаймыз. Тұрғындардың ауызша айтуы бойынша кеңес береміз. Егер құжаттарының бәрін алып келсе, толыққанды барлығын түсіндіреміз.

Жоба Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен жүзеге асып отыр. Еліміздің барлық облысын аралап келе жатқан пойыз қызметі Отырар ауданында 2 күнге жалғасады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.