KEGOC акцияларына сұраныс артты

«KEGOC» акцияларына сұраныс 1,5 есе артты.

Инвесторлардан жалпы құны 34 млрд 800 млн теңгеге тең 50 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Нәтижесінде  құны 22 млрд теңгеден асатын өтінімдерді қанағаттандыру

«Самұрық-Қазына» және «KEGOC»  акционерлік қоғамы отандық қор биржасында биыл 28 қыркүйек пен 2 қараша аралығында акцияларын қайталама орналастырудың қорытындысын жариялады. SPO шеңберінде «KEGOC» компаниясы жалпы саны 15  млн-нан асатын акция орналастырды. Бұл компанияның орналастырылған акциялары жалпы санының шамамен 5,6 % құрайды. Ел азаматтарынан келіп түскен өтінімдерге басымдық берілді.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Өтінімдердің басым бөлігі яғни 44% бөлшек сауда инвесторларынан түсті. Бұл ел азаматтарының ірі ұлттық компаниялардағы IPO/SPO шеңберінде Қор ұсынатын инвестициялық мүмкіндіктерге жоғары қызығушылығын көрсетеді. Өтінімдердің 55% институционалдық инвесторларға тиесілі. Ал шетел азаматтарының үлесі небәрі 1% құрады.

Акцияларды қайталама орналастырудан түскен қаражат Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағындағы желілерін күшейту бойынша ірі инвестициялық жобаларға жұмсалады. Жоба шеңберінде үш қосалқы электр  станциясын кеңейте отырып, ұзындығы 475 шақырым болатын 500 кВ "Шу-Жамбыл-Шымкент" бағытында 2 желі салынады.

Нәби Айтжанов, "KEGOC" АҚ басқарма төрағасы:

- SPO қарсаңында компанияның дивиденттік саясатына өзгерістер енгізіліп, үлеспайда көлемі таза табыстың 40 пайызынан -60 пайызына дейін ұлғайтылды. 2023 жылдың бірінші жартысында KEGOC 20,2 млрд теңге дивидент төледі.

Ал жоспар бойынша қайталама сауда-саттық "Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасында биыл 10 қарашада басталуы тиіс.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейітов