Үздік әскери қызметкерлер анықталды

Оралда «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер арасында үздік қызметкерлер сайысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәстүрлі доданың бұл кезеңіне Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан 20-ға жуық адам қатысты. Олар қарапайым жауынгер емес. Әрқайсы түрлі деңгейдегі әскери құрылымдарға жетекшілік етеді. Командалар білім мен білек күшін сынады. Атап айтқанда, құқықтық нормалар мен әскери жарғы негізінде тест тапсырып, нысана көздеу, қорғаныш құралдарын қолдану, әскери тактика құру шеберлігіне қатысты тапсырмаларды орындады.

Жарыс нәтижесінде батальон командирі мен орынбасары, штаб бастығы, взвод сержанты, бөлімше командирі лауазымдары бойынша үздік қызметкерлер марапатталды. Жеңімпаздар желтоқсан айында Астанада өтетін республикалық кезеңде бақ сынайды.

Сейітжан Қалбай, 6655 әскери бөлімінің батальон командирі:

- Конкурстың өтіп жатқаны жоғары әдістемелік тәжірибе беріп жатыр бізге. Ақтөбе қаласында жедел мақсаттағы бірінші батальон командирі лауазымында 2 жыл көлемінде қызмет атқарып жатырмын. Қызметіміздің жеңіл жақтары бар, ауыр жақтары да бар.