Павлодардағы ойын алаңдарының сапасы сын көтермейді

Павлодарда балалар ойын алаңын салып жатқан мердігердің жұмысына тұрғындардың көңілі толмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сапасыз  әткеншектер мен турниктер балалардың өміріне қауіп төндіре ме деп алаңдайды. Алаңдарды бейнетаспаға түсіріп, әкімдікке жолдаған. Жалпы қалада жыл соңына дейін біріңғай үлгідегі 100-ден астам ойын алаңы пайдалануға берілуі тиіс.

Қолайсыз ауа райы салдарынан мердігерлердің жұмысы қиындап кетті.  Өткен аптаның соңында қар аралас жаңбыр жауып, жұмысшылар үй  ауласында шатыр тігуге мәжбүр болды. Жауын-шашыннан ылғалданған бетонды арнайы құрылғымен кептіруге тура келді.  

Бұл – уақыттың тығыздығына орай жасалған әрекет. Ал жергілікті тұрғындар балалардың өміріне алаңдайды. Олардың айтуынша, орнатылған әткеншектер мен сырғанақтардың сапасы сын көтермейді.

Қала тұрғыны:

- Жаз мезгілінде жасау керек еді. Қазір жер дымқыл. Сапасы жақсы болады деп айта алмаймын. Бұл конструкцияларға балалар шығып ойнайды, секіреді.

Мына бейнетүсірілімдегі аулаға жұмысшылар қайтадан келді. Желмен тербетіліп тұрған конструкцияларға бетон құйып жатыр. Ойын алаңындағы темір қоршауды бекітуге уәде берді. Әкімдік өкілдері жылдың аяғына дейін  Павлодарда осындай 132 алаң пайда болады дейді. 

Оразбек Саяхат, қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің бас маманы:

- Бұл жұмыстар жұмыс күшінің жетіспеушілігіне байланысты және де осы ойын құрылғыларының балаларға қажетті ойын құралдарын ұзақ күтуге байланысты кешікті. Жалпы осы балалардың ойын алаңдарын орнатуға биылғы жылы 1,5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Енді қазіргі уақытта мердігер ұйымдар жалғастырып, ойын алаңдарын салып жатыр. Барлық жұмыстарды 15 қарашаға дейін аяқтау жоспарланған.

Бүлдіршіндердің жаз бойы күткен ойын алаңдарын орнатумен 2 мердігер ұйым айналысып жатыр. Ерте көктемде басталған жұмыс қара күзге дейін жалғасты. Тұрғындар үшін құны 1,5 миллиард теңге тұратын құрылыстың сапалы болғаны маңызды.    

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.