СҚО-да «Кибер-шериф» жүйесі іске қосылды

Солтүстік Қазақстан облысында «Кибер-шериф» жүйесі іске қосылды.

Ол ережеге бағынбайтын жүргізушілерді бірден анықтайды. Кешеннің көмегімен бір сағаттың ішінде 5 жүргізушіге айыпппұл салынды. Олар жылдамдықты асырған.

«Кибер- шериф» деп аталатын мобильдік ақпараттық– бағдарламалық кешен енді өңірдегі жолдарда ереже бұзғандарды анықтайды. Екі апта уақыт тестілеу режимінде жұмыс істеген жүйе тиімділігін көрсетті.

Мамандардың айтуынша бұл жобаның артықшылығы өте көп. Мәселен көлікті рұқсат етілмеген жерге қойсаңыз, жылдамдықты арттырып, жолдың қарсы бағытына шығып ереже бұзсаңыз бірден айыппұл арқалайсыз. Тіпті алимент, салық төлеуден жалтарып жүргендер де енді жазадан құтыла алмайды. Себебі ақылды жүйе жол бойын 360 градус бақылауға мүмкіндігі бар.   

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Жол сақшыларымен трассаға шыққанымызға небәрі бір сағаттай ғана уақыт болды. Осы аралықта мына ақылды жүйе бес бірдей заңбұзушылықты анықтаған. Жігіттер, соңғы заңбұзушылық қандай болды?

- Соңғысы осы Лада приора. Осы жолдан 124 жылдамдықпен өткен. Енді автоматты түрде хаттама жібереледі.

Ақылды жүйе көліктің ішімен айналасында болып жатқан жағдайды аудио және бейне жазбаға түсіріп, таспалайды. Әрі оны жедел басқару орталығындағы мамандар онлайн бақылай алады. 

Азамат Бұкыев, облыстық Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының инспекторы:

- Кешен толықтай автоматтандырылған. Оның жұмысына біз араласа алмаймыз. Егер азамат ереже бұзса, оны тіркеп, айыппұл хаттамасын жібереді. Біз тек көлік қозғалысы көп жолдарда патруль жасаймыз. Қалған жұмысты жүйе өзі атқара береді.

Былтыр облыс жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 28 ақылды камера ортатылды. Бір жылдың ішінде олар 70 мыңнан астам заң бұзушылықты тіркеді. Ережеге бұзғандарға 500 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Серік Әлжанов, облыстық Полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы:

- Биыл екі арнайы кешен алдық. Алдағы уақытта енді оған сараптама жүргіземіз. Егер жүйе тиімділігін көрсетсе, болашақта мұндай құрылғылардың санын арттыруға ниеттіміз. 

Полицейлер: «Кибер-шериф тақтайдай жолмен зулайтын жүргізушілерді тәртіпке салады» деген пікірде. Себебі өңірде жол көлік оқиғасы азаймай тұр. Биылғы жылдың 10 айында облыста 327 жол көлік апаты болды. Салдарынан 39 адам қаза тауып, тағы 463-і түрлі дене жарақатын алды.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов