Елімізде қуат көзін тұтыну 12% артты

Соңғы 5 жыл ішінде елде қуат көздерін тұтыну көлемі 12 пайызға артты.

Мәселен, Қазақстанда электр энергиясын тұтынудың орташа көлемі 1 шаршы метр үшін жылына 270-300 киловатт-сағатты құрайды. Ал батыс елдерінде бұл көрсеткіш 2-3 есе төмен. Осыған байланысты қуатты үнемдеу мақсатында құрылыс компанияларына қойылатын талапты күшейту керек, дейді сала мамандары. Мердігер мекемелер энергия тиімділігі жоғары жобаларға басымдық бергені жөн. Тағы нысандардағы жылуды ұзақ сақтау үшін терможаңғырту жұмыстарын жүргізу маңызды. Елде қуат көздерін көп тұтынатын 110-ға жуық ірі кәсіпорын бар. Олар 5 жылда бір рет энергия аудитін жүргізіп отыруға міндетті. 2015-2022 жылдар аралығында жүргізілген тексеріс нәтижесінде 105 млрд тг қаржы үнемделді. Осы және өзге де мәселелер бас шаһарда өтіп жатқан V халықаралық энергия үнемдеу форумының тақырыбына арқау болды.

Елдос Абақанов, ҚР Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты төрағасының орынбасары:

- Тұрмыста энергияны үнемдегенде бізде 2012 жылы қарапайым шамдардың орнына энергия үнемдегіш люминесцентті шамдарды енгізу бойынша талап болды. Қазір енді бүкіл үйде жарықдиодты шамдар тұр. Тиімділігі 5, 8, 10 есеге дейін барады. Мысалы, Германияда, Еуропа мемлекеттерінде әр радиаторда жылуды реттейтін счетчиктер болады. Бізде әлі ол енгізілген жоқ. Мүмкін бізге де соны енгізу керек шығар. Сонда азамат нақты тұтынған энергияның қаражатын төлейтін болады.