Парламент тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы заңды қатаңдатуға дайын

Парламент тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы заңды одан әрі қатаңдатуға дайын. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді.

Егер әйелдерді заң қорғай алмаса, жоғарғы палата іске араласып, бұл мәселені құқық қорғау органдарының алдында көтереді. Бірақ түйткіл тек құжат арқылы шешілмейді. Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев «жастар арасында некедегі қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру қажет» екенін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, кеше экс-министр Қуандық Бшімбаев өз әйелін өлтірді деген күдікпен қамауға алынған еді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Тек қана сол заңды қатайтқаннан шешіліп кетпейді бұл мәселе. Жалпы адамдардың жастардың отбасындағы мәдениеттің деңгейін көтеру керек сияқты. Түсіндіру, ағарту жұмыстары керек екені анық, соның бәрі мектептерде, университетте тәрбие жұмыстарын күшейту керек шығар. Көп нәрсе тәрбиеге байланысты. Бұл жерде үлкен тәрбие жұмыстарының олқылықтарын көріп тұрмыз десек артық болмайтын шығар.