Елімізде ата-аналар мектеп асханасын күнделікті тексеруге құқылы

Кез келген ата-ана мектеп асханасын тексеретін комиссия құрамына енуге құқылы.

Сол арқылы ондағы тамақ сапасын күнделікті бақылай алады. Өскеменге келген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осылай деді. Оның айтуынша, кәсіпкерлерге жүктелетін жауапкершілік артады. Олар тек пайдалы аспен қамтып қоймай, ас ішу мәдениетін де қалыптастыру керек. Асханадағы ыдыс-аяқ, тазалыққа қажетті заттар талапқа сай болуы шарт. Сондықтан Оқу-ағарту министрі бұл тұрғыда әлі де өзгеріс көп болатынын жеткізді.

Жалпы Шығыс Қазақстан облысында 36 мектепте асхана жоқ. Ал 24 білім ордасында кәсіпкерлер санитарлық қызметтің рұқсатынсыз жұмыс істеген. Ғани Бейсембаев әр мектептегі асхана жұмысын жақсарту, заңсыздықтың алдын алу ата-аналармен бірлесе жүзеге асатынын айтты.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Бұрын бракераждық комиссия айына бір рет қана қадағалап отыратын болса, біз қазіргі өзгерістерде күн сайын қарауға мүмкіндік туғызып отырмыз. Ата-аналар күнде балалардың қалай тамақтанып отырғанын бақылауға мүмкіндіктері бар. Ол үшін кез келген оған мүдделі ата-ананың бракераждық комиссияға кіруге мүмкіндігі бар. Егер ондай болмаған жағдайда осы өңірде біздің департаментіміз бар, ата-ана мені кіргізбей жатыр комииссияға деп шағымдануына болады.