Арыс өзенінің арнасы бұрылды

Түркістан облысының Ордабасы ауданында Арыс өзенінің арнасын бұру жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды.

Қар еріп, күн жылыған кезде  өзен суы бірнеше ауылға қауіп төндіріп, егістікті шайып кеткен болатын.

Берген елдімекені Арыс өзенімен іргелес қоныстанған. Қазір өзеннің арнасы тартылып, су азайған шақ. Көктем мезгілінде тасып ағып, тентек мінез танытаны бар. Сол кезде жолындағының бәрін жайпап, айналасына қауіп төндіреді. 

Жандос Жұмабек тілші:

- Мынау ауылдың дәл іргесінен өтіп жатқан Арыс өзенінің ескі арнасы. Кейбір жері тіпті үйлерге 10-15 метрге дейін жақындаған. Көктемдегі тасқын су жарқабақты құлатып, ауылға қауіп төндіре бастаған соң жергілікті тұрғындар әкімдікке өзеннің арнасын бұру туралы өтінішпен шыққан. 

Халықтың жанайқайына құлақ асқан билік бірден қауіптің алдын алуға көшкен. Арнайы комиссия құрып, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.   

Халиолла Кенжебеков, Берген елді мекенінің тұрғыны:

- Мына жағада 5-6 үй бар. Сол үйлердің бақшаларын шайып алып кетіп жатыр. Енді мына жаңа арнасын қазып жатыр. Бұл да бітіп қалды. Бұдан кейін мына үйлерге енді қауіп жоқ. Ауыл да рахметін айтып жатыр. Көптен бері қорқып жүрген қауіп басылды. 

Бұл іске аудандық бюджеттен 54 млн теңге қаралған. Оған ұзындығы жарты шақырым, ені 25, биіктігі 15 метр болатын жаңа арна қазылған. 

Болатбек Дәнебек, аудан әкімі аппаратының бас инспекторы:

- Арна басынан басталады 517 метр, ары қарай көпірдің тұсынан өзінің бұрынғы арнасына қосылып кетеді. Негізгі жұмысы осы айда бітті. Қазір арна пайдалануға дайын. Алдағы уақытта төтенше жағдай болмайды деп сенеміз. 

Арыс өзені Берген ауылына ғана емес, іргелес қоныстанған Шұбар, Қажымұхан және Қараспан ауылдарындағы бірнеше үйге де қауіп төндірген. Қоражайларды су шайып, егістікті бүлдірген. Қауіптің алдын алу үшін аталған ауылдардың аумағынан өтетін өзен арнасын түзетіп, дамбы салу жұмыстары 5 кезең бойынша жүзеге асады деп жоспарлануда.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш