Атырау облысы Индер ауданында 3 су арнасы салынып жатыр

Атырау облысында су арналарының құрылысы қайта жанданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыста 15 канал болса, оның 4-еуі Индер ауданының аумағында орналасқан. Қазір 3 арнаны тереңдету жұмыстары жүріп жатыр.

Солардың бірі – «Қурайлысай» каналы. Оның ұзындығы – 53 шақырым. Аталған су арнасының бойында 12 шаруашылық бар екен. Оларға қажетті су қорын жинақтау үшін канал бойынан 5 катлован жасақталуы тиіс. Оның 3-еуі жаңадан және бұрынғы 2 катлован қалпына келтіріледі. Жоба бойынша құрылыс 2025 жылы аяқталады.       

Досымбек Жандаров, мердігер мекеме өкілі:

- Жалпы каналдың тереңдігі 1,5 метр ғой, катловандар канал табынынан 2 метр төмен болады. Су деңгейінен 3 метрдің шамасында. Катловандардың ені 60 метр, ұзындығы табанынында 200 метр болады. Судың сыйымдылығы 30 мың текше метрдей болады.

«Бағырлай» мен «Қурайлысай» каналдарының құрылысы уақытылы аяқталса, 30-ға тарта шаруашылықпен қоса көршілес Мақат, Махамбет аудандары да иігілігін көреді. Әр каналдың құрылысына 1,1 млрд теңгеден астам қаражат жергілікті бюджеттен бөлініп отыр. Сондықтан әрбір тиынның мақсатты жұмсалуына жергілікті билік мүдделі. Себебі осыдан 3 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткізілген «Алғабас-Жорық» каналы құрылысынан көптеген кемшіліктер анықталып отыр.

Дарын Шамұратов, Индер ауданының әкімі:

- Бұл 65 шақырымды құрайтын каналдың соңғы бөлігіне судың жетпеуі, бұрынғы қазылған жерлердің қайтадан опырылып құлауы 7 катлованның бойындағы тұрбалардан су өтпей, бітелуі сияқты кейбір проблемалар айқындалып, биыл сметалық жұмыстарын бастадық.

Қазір Индер ауданы бойынша 3 каналдың құрылысы қатар қолға алынды. Олар 2025 жылға дейін пайдалануға берілуі тиіс.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Атырау облысында 10200 гектардай егіс алқабы болса, оларды суландыруға арналған соныдлай 15 канал бар. Оның 7-еуі соңғы 2 жылда жөндеуден өтіп, қазір алтауының жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы осы «Қурайлы» каналы іске қосылғанда осының бойында 12 шаруашылық құрылады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.